Жоба өзектілігі: Қазақ қоғамының әлем кеңістігіне кірігуінің дербес деңгейіне бағдарланған тетіктердің жағдайына сәйкес педагогикалық білім беруді модернизациялау, педагог мәртебесін қамтамасыз етуде, жағымды және қауіпсіз білім беру ортасын құру, қазіргі заманғы білім беруді, белгілі бір әлемдік брендті дамытудың парадигмасы ретінде ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерінің әртүрлілігін ескере отырып, баршаға сапалы білімді қолжетімді болуын қамтамасыз ететін инклюзивті білім беруді қарастыруға болады.
Барлық балалардың ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне, денсаулығының шектеулеріне қарамастан сапалы білім алу мүмкіндігі ҚР «Білім туралы Заңының» 3-бап 1-тармағында бекітілген. Осы заңның 1- бабының 21-7 тармақшасында білім беруді ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылар үшін білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс ретінде көрсеткен. Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың ерекшеліктерін ескере отырып сапалы білім беруді жүзеге асыратын педагогтерді дайындауға ерекше назар аудару керек. Педагогикалық теория мен практиканы дамытудың қазіргі кезеңінде білім алушылардың әртүрлілігін, ерекше қажеттіліктерін ескере отырып, қоғамға кеңінен әлеуметтендіру үшін болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастыру мәселесі өзекті болып табылады.
Ұсынылған жоба әлеуметтік – педагогикалық міндеттің бірі болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастыруда оқытудың әмбебап дизайн технологиясын (UDL) қолдану, болашақ педагог даярлығына қойылған талаптарды қанағаттандыруға бағытталған. UDL технологиясын игерген педагог жалпы білім беру мекемесінің басты міндеті әрбаланың ерекшеліктерін ескеретін қолайлы, жағымды білім беру ортасын құруда шешуші фактор бола алады. UDL инновациялық әдістеме ретінде болашақ педагог инклюзивті құзыреттілігін қамтамасыз етеді, ол өз кезегінде жоғары білім беру жүйесінің сапалы маман даярлығының тиімділігін арттыруға әсер етеді.
Жоба мақсаты: болашақ педагогтердің білім алушылардың әртүрлігін ескере отырып сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ететін инклюзивті құзыреттіліктерін оқытудың әмбебап дизайны технологиясы (UDL) арқылы қалыптастырудың ғылыми және әдістемелік негіздерін әзірлеу және оның тиімділігін зерттеу.
Журналдарда жарияланған мақалалар (Жарияланымдар тізімі)
- Умирбекова, А.Н., Бутабаева, Л.А., Уайдуллақызы, Э., & Сәдуакас, Г.Т. (2023). Болашақ дене мәдениеті және спорт мамандарын инклюзивті білім беру ортасына дайындау. Дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесі, 73(3), 49–56. https://doi.org/10.48114/2306-5540_2023_3_49