ЖТН №АP13067931 «Жаңартылған мазмұндағы географияны оқытуда сандық геоақпараттық технологияларды қолданудың әдістемелік негіздерін жасау (жоғарғы сыныптардың мысалында)».

Жобаның өзектілігі: Елімізде жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес, мектепке арналған география оқулықтарының мазмұнында сандық геоақпараттық технологиялар мен олардың әдістерін оқыту мәселелері кеңінен қарастырылған. Алайда, оларды практика жүзінде қолданудың әдістемесі әліге дейін жасалған жоқ. Жаңартылған мазмұндағы география оқулықтарында геоақпараттық технологияларды қолдану арқылы орындалатын практикалық жұмыстарды орындау бойынша нұсқаулықтар көрсетілмей, олар мұғалімнің құзыретіне қалдырылған. Алайда, көптеген мұғалімдердің сандық геоақпараттық технологиялар мен ресурстардың көздерін білмеуі, цифрлық сауаттылықтарының төмендігі немесе геоақпараттық ресурстарды білім беруде қолдану дағдыларына ие болмауы – оқушылардың білім беру бағдарламасына сәйкес білімдерді толыққанды меңгеріп шығуына кері ықпал етуде. Сондықтан, осы мәселелерді шешу мақсатында «Жаңартылған мазмұндағы географияны оқытуда сандық геоақпараттық технологияларды қолданудың әдістемелік негіздерін жасау (жоғарғы сыныптардың мысалында)» атты ғылыми жобаның өтінімін ұсынып отырмыз.

Жобаның мақсаты – Жаңартылған мазмұндағы мектеп географиясын оқытуда геоақпараттық білім беруге арналған электрондық оқу құралы мен географиялық атласты және нұсқаулықтарды әзірлеу және осы әзірлемелердің негізінде сандық геоақпараттық технологияларды қолданудың әдістемелік негіздерін жасау арқылы мұғалімдер мен оқушылардың цифрлық сауаттылығын көтеру.

Ұсынылып отырған зерттеу жобасы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Жаратылыстану және география институтының жанындағы «География және экология ғылыми-әдістемелік орталығында» жүзеге асырылады. Орталық ғылыми жобаны жүзеге асыруға қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған.

Зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру барысында жалпығылыми (анализ, синтез, танымның индуктивті және дедуктивті әдістері,  модельдеу, салыстыру және т.б.) және нақты пәндік (геоақпараттық, картографиялық, салыстырмалы-географиялық, географиялық сипаттау, сауалнама, бақылау, әңгімелесу, жобалау және т.б.) зерттеу әдістері кеңінен қолданылатын болады.

Жобаны жүзеге асыратын зерттеу тобы ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау бойынша мол тәжірибеге ие жас ғалымдардан құралған. Олардың ішінде 3 PhD, 3 PhD докторант, 1 магистр бар және ваканттық 2 орын қарастырылған.  Жас ғалымдардың басым бөлігі кең ауқымды ГАЖ бағдарламаларын (MapInfo, ArcGIS, ENVI, ILWIS, QGIS) зерттеу жұмыстарында пайдалану және оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу бойынша кәсіби дағдыларға ие.

Жобаны жүзеге асыру барысында әлемдік озық геоақпараттық технологиялар мен ресурстарға талдау жасау және үздік тәжірибелерге негізделе отырып, жоғары сынып оқушыларына геоақпараттық білім беруге арналған электрондық оқу құралы мен географиялық атлас және нұсқаулықтар қазақстанда алғаш рет әзірленетін болады.   Осы оқу-әдістемелік құралдар мынадай геоақпараттық технологиялардың түрлерін пайдалану дағдыларын игертуге бағытталған:

  1. ГАЖ бағдарламалық жасақтамалары (ГАЖ бағдарламалары, веб-ГАЖ, мобильді ГАЖ қосымшалары);
  2. ГАЖ-серверлері;
  3. Картографиялық сервистер;
  4. Геопорталдар.

Оқу-әдістемелік материалдарды әзірлегеннен кейін, оларды қолдану дағдыларын үйретуге бағытталған мұғалімдердің біліктілікті арттыру курстарының 2 этаптан (базалық деңгей)  тұратын жүйесі елімізде алғаш рет жасалып, оның бағдарламалары әзірленеді. Ауылдық мектептерде осы әзірлемелерді қолдану арқылы геоақпараттық білім беру және алу жолдарын үйретуге бағытталған шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, геоақпараттық технологиялар мен ресурстарды географиялық білім беруде қолдану жолдарын үйретуге арналған видеолекциялар топтамасы әзірленіп, барлық қолданушылар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында YouTube платформасына салынатын болады. Осы жұмыстар арқылы сандық геоақпараттық технологияларды қолданудың әдістемелік негіздері алғаш рет жасалғалы отыр.

Жоба жұмыстары аяқталған соң, зерттеу нәтижесінде әзірленген электрондық оқу құралын, нұсқаулықтарды, электрондық географиялық атласты «Мектеп» баспасы ЖШС арқылы коммерциализациялау жоспарланып отыр.

Осы жоба арқылы сандық геоақпараттық технологияларды оқытуда қолданудың оқу-әдістемелік негіздері жасалып, типтік оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттарына сай географиялық білімдерді игерту мәселесі толық шешіледі. Әзірленген әдістеме мұғалімдерге екі конструктивистік әдісі аясында (сұраныс негізінде оқыту (IBL) және проблемалық оқыту (PBL) зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл мұғалімдердің зерттеушілік құзыретін дамыту және цифрлық сауаттылығын көтерумен қатар, оқушыларға геоақпараттық білімдерді беру арқылы ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға және ғылыми зерттеу жұмыстарына баулуға септігін тигізеді.

Күтілетін нәтижелер:

Жобаның зерттеу мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыру барысында алынған нәтижелер негізінде төмендегі туындыларды әзірлеу және жарияланымдар жасау жоспарланған:

– жобаның ғылыми бағыты бойынша рецензияланатын, Science Citation Index Expanded Web of Science базасында индекстелетін және (немесе) Scopus базасында CiteScore бойынша процентилі кемінде 35-тен (отыз бестен) жоғары болатын, ғылыми басылымдарда 2 ғылыми мақала жарияланады;

  • БҒСБҚК ұсынған рецензияланатын отандық басылымда 3 (үш) мақала жарияланады;
  • Халықаралық ғылыми конференцияларда жоба нәтижелері апробациядан өткізіліп конференция жинағында 2 мақала немесе тезис жарияланады;
  • геоақпараттық технологиялар мен ресурстарды игертуге бағытталған жоғары сыныптарға арналған сандық электрондық оқу құралы әзірленеді;
  • Тақырыптық карталар сериясын жасау арқылы электрондық географиялық атлас әзірленеді;
  • Жоғарғы сыныптардың географиясындағы тапсырмаларды орындаудың нұсқаулықтары әзірленеді;
  • Оқу құралына авторлық куәлік алынады.

Жобаның нәтижелерін жариялаудың болжамды басылымдары:

  • Journal of Science Education and Technology. CiteScore: 4.3. Процентиль: 90% https://www.springer.com/journal/10956;
  • Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Хабаршы «Педагогикалық ғылымдары» сериясы https://bulletin-pedagogy.kaznpu.kz;
  • Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Педагогика және психология» журналы – республикалық ғылыми-әдістемелік басылымы. https://journal-pedpsy.kaznpu.kz;
  • Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің хабаршысы, «Педагогикалық ғылымдар сериясы» https://bulletin-pedagogic-sc.kaznu.kz/index.php/1-ped;
  • Абай атындағы ҚазҰПУ-да өтетін ғылыми-практикалық конференция жинағы;
  • Чехияда өтетін халықаралық педагогикалық конференцияда апробацияланып, жинақта баяндама жарық көретін болады.

Әлеуетті пайдаланушылар, ғалымдар қоғамдастықтары және қалың жұртшылық арасында жұмыс нәтижелерін тарату. Жоба аясында түсірілген шеберлік сыныптарының видеодәрістер топтамасы YouTube платформасы арқылы барша қолданушыларға қолжетімді болады. Ал жобаны орындау барысы мен нәтижелерін тарату бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және әлеуметтік желілер арқылы жариялау, түрлі деңгейдегі ғылыми семинарлар мен конференцияларда зерттеу нәтижелерін баяндау жоспарланған.

Жобадан күтілетін нәтижелердің әрқайсысының қолданылу саласы және нысаналы тұтынушыларына еліміздегі барлық орта білім беру мекемелері (мектеп, коледж, лицей) және де болашақ география пәні мұғалімдерін даярлайтын ЖОО-дары жатады.

Жобадан күтілетін нәтижелердің ғылым мен технологиялардың негізгі ғылыми бағыты мен сабақтас салаларын дамытуға әсері. Жоба жұмыстары еліміздегі геоақпараттық технологиялардың және «геоақпараттық білім» беру саласының дамуына және геоақпараттық технологиялар мен ресурстардың қолданылу аясының кеңеюіне септігін тигізеді.

Алынған ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудың қолданылымдығы және (немесе) мүмкіндігі. Жоба жұмыстары аяқталған соң, зерттеу нәтижесінде әзірленген электрондық оқу құралын, нұсқаулықтарды, электрондық географиялық атласты «Мектеп» баспасы ЖШС арқылы коммерциализациялау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыру барысында дайындалған біліктілікті арттыру курстарын жоба аяқталғаннан кейін, ақылы түрде ұйымдастыру көзделген.

Жоба нәтижелерінің әлеуметтік, ғылыми-техникалық және (немесе) өзге де әсері. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде әзірленген әдістеме мұғалімдерге екі конструктивистік әдісі аясында (сұраныс негізінде оқыту (IBL) және проблемалық оқыту (PBL) зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл мұғалімдердің зерттеушілік құзыретін дамыту және цифрлық сауаттылығын көтерумен қатар, оқушыларға геоақпараттық білімдерді беру арқылы ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға және ғылыми зерттеу жұмыстарына баулуға септігін тигізеді.

Жобаның басқа да тікелей және жанама нәтижелері. Жобаны жүзеге асыру барысында геоақпараттық технологиялар мен ресурстарды қолдану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған электрондық оқу-әдістемелік туындылар әзірленеді және оларды пайдаланудың жолдары үйретіледі. Осы жұмыстар арқылы сандық геоақпараттық технологияларды қолданудың әдістемелік негіздері елімізде алғаш рет жасалғалы отыр.

Зерттеу тобы және жобаны басқару:

Жобаның зерттеу тобы 35 жасқа дейінгі жас ғалымдардан құралған.

Жобаның ғылыми жетекшісі – Усенов Нурбол Ергешович, PhD, бас ғылыми қызметкер, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі Жаратылыстану және география институтының аға оқытушысы. Ғылыми зерттеулерінің бағыты: Педагогикалық технологияларды қолданудың әдістемесі, географиялық білім беруде инновациялық технологияларды қолдану мәселелері. «Әлеуметтік экономикалық заңдылықтар мен ұғымдарды оқытудың әдістемелік негіздері» тақырыбында Польша Республикасының (Слупск қ.) Помор Академиясында ғылыми тағылымдамадан өткен. 20-дан астам жарияланымның, оның ішінде Scopus деректер базасында  2 мақаласы және Білім және ғылым  сапасын қамтамасыз ету комитетінің  тізіміндегі журналдарда 3 мақаласы жарық көрген. Мектеп және коледж білім алушыларына, ЖОО студенттеріне арналған 1 оқу құралының авторы. Scopus деректер базасындағы Хирша  (h) индексі 1-ге тең. (https://www.scopus.com/authid/detail.uri?origin=resultslist&authorId=57221727221&zone=). Жоба орындаудағы міндеттері: 9-10 және 10-11 сыныптарға арналған география пәнінің типтік оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттарына және ұзақ мерзімдік жоспарына талдау жасайды, электрондық оқу құралы мен географиялық атласты әзірлейді және жобаны басқарады. Жобада үнемі жұмыс істейді, 50%.

Орындаушы – Лайсханов Шахислам Ұзақбайұлы, PhD, Бас ғылыми қызметкер, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің постдокторанты. Ландшафттарды картаграфиялау бойынша білікті маман, Arcgis, Ilwis және MapInfo сияқты бірнеше ГАЖ бағдарламаларын және зерттеулерде жерді қашықтан зерделеу (ЖҚЗ) деректерін  пайдалану дағдыларын меңгерген. Ғылыми зерттеулерінің бағыты: білім беруде ГАЖ технологиясын пайдалану, ландшафттарды картографиялау, агроландшафттық зерттеулер. 2015-2017 жылдары отандық 2 ғылыми жобаның жауапты орындаушысы болған. 2021-2023 жылдарға арналған отандық 2 жобаның жетекшісі. Ал ұсынылған жобаны орындауда кеңес беруді қоса  атқаратын болады. ILWIS 3.8 бағдарламасында ғарыштық түсірілімдерді сандық өңдеу бойынша Лейпциг университеті (Германия) және В.В. Докучаев атындағы Топырақ институты (Ресей) сияқты шетелдік университеттер мен ғылыми институттарда ғылыми тағылымдамадан өтті. 50-дан астам ғылыми басылымның, оның ішінде Scopus деректер базасында 4 мақаласы және Білім және ғылым сапасын қамтамысыз ету комитетінің тізіміндегі журналдарда 12  мақаласы жарияланды. ЖОО-на арналған 2 оқу құралының және 1 авторлық куәліктің авторы.  Scopus деректер базасындағы Хирша (h) индексі 2-ге тең (https://www.scopus.com/authid/detail.uri?authorId=56983077100). Жобаны орындаудағы міндеттері: озық геоақпараттық технологиялар мен еңбектерге шолу жасау арқылы олардың қолданбалы негіздерін анықтайды және геоақпараттық технологиялар мен ресурстардың топтамасын әзірлейді және зерттеу жұмыстарын жүргізудің әдіснамалық негіздері бойынша кеңес береді. Жобада үнемі жұмыс істейді, 50%.

Орындаушы – Алиаскаров Думан Тоқтарұлы, PhD, жетекші ғылыми қызметкер, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі Жаратылыстану және география институтының аға оқытушысы. Ғылыми зерттеулерінің бағыты: Білім беруде ГАЖ технологиясын пайдалану, тақырыптық оқу карталарын құрастыру, қалалану үдерістерін үлгілеу. Хирш индексі Scopus ДБ-да 1-ге тең (h-index=1). Цифрлық карталарды әзірлеуші, ҚР БҒМ гранттық қаржыландыруы бойынша 2 жобаны және ҚазҰПУ-дың 3 жобасын орындады. 30-дан астам жарияланымның, оның ішінде Scopus деректер қорында 1 мақаланың, 1 монографияның, 2 оқу құралының авторы. Жобаны орындаудағы міндеттері: тақырыптық карталарды және электрондық географиялық атласты әзірлейді және біліктілікті арттыру курстары мен шеберлік сыныптарын ұйымдастырады және өткізеді. Жобада үнемі жұмыс істейді, 50%.

Орындаушы – Абикбаев Ержан Рахымкелдіұлы, магистр, ғылыми қызметкер, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «8D01515 – География» білім беру бағдарламасының 2-курс докторанты. Диссертациялық жұмысының тақырыбы: «Студенттерді кәсіби даярлауда геоақпараттық жүйелерді оқу үдерісінде пайдаланудың әдістемесі», яғни, диссертациялық зерттеу жұмысы жобаның зерттеу бағытына толық сәйкес келеді. Ғылыми зерттеулер шеңбері: білім берудегі инновациялық технологиялар, географияны оқытуда ГАЖ технологияларын қолдану және т.б. 20-дан астам ғылыми басылымның авторы. Жобаны орындаудағы міндеттері: география оқулықтарындағы берілген тапсырмаларды орындауда сандық геоақпараттық технологиялар мен ресурстарды қолданудың нұсқауларын құрастырады және біліктілікті арттыру курстарының жүйесін жасайды, бағдарламаларын әзірлейді. Жобада үнемі жұмыс істейді, 50%.

Орындаушы – Мырзалы Назира Бердіғұлқызы, магистр, ғылыми қызметкер, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «8D01515 – География» білім беру бағдарламасының 2-курс докторанты. Ғылыми зерттеулерінің бағыты: жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында географияны оқыту әдістемесі. Халықаралық ғылыми конференциялар материалдарында 10-нан астам, Білім және ғылым сапасын қамтамысыз ету комитетінің тізіміндегі журналдарда 2 мақаласы жарияланған. Жобаны орындаудағы міндеттері: жоба барысында электрондық оқу құралы мен географиялық атласты әзірлейді, біліктілікті арттыру курстарының бағдарламаларын әзірлейді. Жобада үнемі жұмыс істейді, 50%.

Орындаушы – Исаков Ерлан Дуйсенбекович, магистр, ғылыми қызметкер, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «8D01515 – География» білім беру бағдарламасының 2-курс докторанты. Ғылыми зерттеу бағыттарының бірі: компьютерлік жүйелердің мүмкіндіктерін зерттеу болып табылады. Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитетінің тізіміндегі журналдарда 4 мақаласы жарияланған. ЖОО-на арналған 1 әдістемелік нұсқаулықтың және 1 авторлық куәліктің авторы. Жобаны орындаудағы міндеті: жоба барысында электрондық оқу құралы мен географиялық атласты әзірлейді, шеберлік сыныптардың видеодәрістерін топтамасын жасайды және оларды YouTube платформасына салады. Жобада үнемі жұмыс істейді, 50%.

Орындаушы – Күлмұханов Дамира Рүстемқызы – экология бакалавры, кіші ғылыми қызметкер, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жаратылыстану және география институтының “География, қоршаған орта және қызмет көрсету саласы” ББ-ның аға лаборанты. Ғылыми зерттеу бағыттары: географияны оқыту әдістемесі, географиядағы инновациялық технологиялар. Халықаралық ғылыми конференциялар материалдарында 5-тен астам, Білім және ғылым сапасын қамтамысыз ету комитетінің тізіміндегі журналдарда 1 мақалалары жарияланған. Жобаны орындаудағы міндеті: жоба барысында электрондық оқу құралы мен географиялық атласты әзірлейді және жобаның құжаттамаларын жүргізу жұмыстарымен айналысады. Жобада үнемі жұмыс істейді, 50%.

Орындаушы – вакансия, ғылыми қызметкер – Жобаны орындаудағы міндеттері: зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми еңбектерге шолу жасайды, геоақпараттық технологиялар мен ресурстардың топтамасын әзірлейді және біліктілікті арттыру курстары мен шеберлік сыныптарын өткізеді. Жобада үнемі жұмыс істейді, 50%.

Орындаушы – вакансия, кіші ғылыми ғылыми қызметкер – Жобаны орындаудағы міндеттері: тапсырмаларды орындауда сандық геоақпараттық технологиялар мен ресурстарды қолданудың нұсқауларын құрастырады және тақырыптық карталар мен электрондық атласты әзірлейді. Жобада үнемі жұмыс істейді, 50%.

Жобаны орындаудағы міндеттері: Жобада үнемі жұмыс істейді, 50%.

Жобаның барлық орындаушыларының жұмыспен қамту мерзімі: 2022-2024 жылдар.

Сонымен қатар, зерттеу тобының барлық мүшелері жас ғалымдар (35 жасқа дейін) болып табылады және олардың басым бөлігі кең ауқымды ГАЖ бағдарламаларында: (MapInfo, ArcGIS, ENVI, ILWIS, QGIS, SuperMap) жұмыс жасау бойынша үлкен тәжірибеге ие.

 

      

 

 

 

You may also like...